"Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Зеленый бор ауылының "Ромашка" бөбекжайы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Государственное коммунальное казенное предприятие "Ясли- сад "Ромашка" села Зеленый бор при отделе образования по Бурабайскому району управления образования Акмолинской области

СоцСети

  

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 1 қарашада № 17669 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

       "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5- бабының 5-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

       1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       7) осы бұйрыққа 7-қосымшаға сәйкес Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

       8) осы бұйрыққа 8-қосымшаға сәйкес Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілсін.

       2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

       1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

       4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық:

       1) 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 10-тармағының 6) тармақшасын және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-қосымшасындағы "Коммуникативтік-тілдік дағдылар" деген бөлімдегі реттік нөмірі 9-жолды;

       2) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 20 және 22-тармақтарын;

       3) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 4-сыныптар үшін қолданысқа енгізілетін Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 1-параграфын, 3-тарауының 1-параграфын және 4-тарауының 1-параграфын;

       4) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 9-сыныптар үшін қолданысқа енгізілетін Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 1-параграфын, 3-тарауының 1-параграфын және 4-тарауының 1-параграфын;

       5) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 10-сыныптар және 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап 11-сыныптар үшін қолданысқа енгізілетін Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 1-параграфын, 3-тарауының 1-параграфын және 4-тарауының 1-параграфын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Бұл ретте Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 19 және 21-тармақтары, Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 2-параграфы, 3-тарауының 2-параграфы және 4-тарауының 2-параграфы, Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 2-параграфы, 3-тарауының 2-параграфы және 4-тарауының 2-параграфы 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін, Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-тарауының 2-параграфы, 3-тарауының 2-параграфы және 4-тарауының 2-параграфы 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолданыста болады.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі

Е. Сағадиев

 

 

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
1-қосымша

       

 Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

 1-тарау. Жалпы ережелер

       1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармағына сәйкес әзірленді және мыналарға:

      1) оқыту нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына;

      2) тәрбиленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне;

      3) тәрбиеленушілердің даярлық деңгейіне;

      4) оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды анықтайды.

      2. Осы стандартта мынадай терминдер мен олардың анықтамалары қолданылады:

      1) ата-аналар дағдылары – баланың дене, зияткерлік және эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру, оның әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, тиісті мінез-құлықты қалыптастыру үшін қажетті дағдылар;

      2) әлеуметтендіру – қоғамда толыққанды өмір сүру үшін қажетті білім, білік, дағдыларды, нормаларды, қағидаларды меңгеру арқылы баланың әлеуметтік ортаға ену процесі;

      3) әлеуметтік дағдылар – бала мектепке дейінгі жаста меңгеретін өзара әлеуметтік әрекеттің әдістері мен тәсілдері;

       4) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөлімдерінің арасындағы байланысты орнататын процесс;

      5) ерте дамыту – баланы туғаннан бастап үш жасқа дейін дене, зияткерлік және эмоционалдық дамытуға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру;

      6) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, зияткерлік, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жүйесі;

       7) инклюзивті білім беру – барлық тәрбиеленушілердің ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;

      8) күн тәртібі – баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін тәулік бойғы уақытты тиімді бөлу және түрлі іс-әрекет пен демалыстың дұрыс өзара бірізділігі;

      9) күту – ерте жастағы балаларға күтім жасау, тамақтандыру, санитарлық-гигиеналық, сауықтыру шараларын ұйымдастыру;

      10) оқыту нәтижесі – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;

      11) өз бетінше үйрену дағдылары – баланың дербес және ересектердің басшылығымен қоршаған ортаны тануда және мектепте оқуға табысты дайындалуда жинақтаған дағдылары;

      12) үлгілік оқу бағдарламасы – әрбір ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиіс білім, білік, дағдылар мен құзыреттіліктердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;

      13) үлгілік оқу жоспары – жас топтары бойынша бір аптадағы ұйымдастырылған оқу қызметінің тізімін, көлемін, ұзақтығын реттейтін құжат;

      14) ұйымдастырылған оқу қызметі – білімді игеруге, біліктер мен дағдыларды меңгеруге бағытталған педагог пен тәрбиеленушілердің бірлескен әрекеті;

      15) жеке оқу жоспары – Үлгілік оқу жоспары негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу жоспары;

      16) жеке оқу бағдарламасы – Үлгілік оқу бағдарламасы негізінде оның жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиеші және/немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары құрастырған оқу бағдарламасы;

      17) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар–денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы және уақытша қиындық көріп жүрген арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын қажет ететін балалар.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      3. Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық сыныптарында әрбір топта үш адамнан аспайтын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен оқыту қарастырылады. Топта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар болған жағдайда топты жасақтаудың ара қатынасы үш тәрбиеленушіге бір ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар баладан іске асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 2-тарау. Оқу нәтижелеріне бағдарланған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптар

      4. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары мен орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары білім беру қызметін:

       1) "Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен (мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына (бұдан әрі - үлгілік оқу жоспарлары);

       2) "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 14 қыркүйекте № 14235 болып тіркелген) (бұдан әрі - үлгілік оқу бағдарламасы) сәйкес жүзеге асырады.

      5. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұны:

      1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;

      2) қимыл, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік, дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын, сонымен бірге аталған білім, білік, дағдыларды ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;

      3) тәрбиелеу мен оқытуға психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;

      4) мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді бастауыш білім беру ұйымдарында оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді құруға;

      5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасында оқыту, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін ескеріп, сабақтастық пен үздіксіздік ұстанымдарын қамтамасыз етуге;

      6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп, оқу қызметіне дайындыққа;

      7) креативтілікті, коммуникативтілікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға;

      8) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      6. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда баланың ерекшеліктері ескеріліп, жеке оқу жоспары мен жеке бағдарлама әзірленеді.

      7. Оқытудың нәтижелері көрсеткіштер ретінде баланың даму мониторингін қамтамасыз етеді және оның жеке дамуын жоспарлаудың негізі болып табылады.

      8. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны түрлі іс-әрекеттерді ұйымдастыру арқылы оларды кіріктіру жолдарымен іске асырылатын "Денсаулық", "Қатынас", "Таным", "Шығармашылық", "Әлеумет" білім беру салаларына негізделген.

      9. "Денсаулық" білім беру саласы.

      "Денсаулық" білім беру саласының мақсаты денсаулығы мықты, дене бітімі дамыған баланы тәрбиелеу, тәрбиеленушілердің бойында өз денсаулығына саналы түрде қарауды қалыптастыру болып табылады.

       "Денсаулық" білім беру саласына ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесу, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін игеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдыларды, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту, түрлі ұлттық қимылды ойындарды және командамен жарыс сипатындағы ойындарды өткізу, спорттық жаттығуларды орындау, спорттық ойындардың элементтерімен таныстыру, шығармашылық қабілеттерді және командада өзара әрекеттесу дағдыларын дамыту енгізілген.

      "Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында, төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға; шығармашылық, танымдық, тілдік қабілеттерді қолдана отырып, негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалыс тәжірибесін байытуға бағытталған.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту жалпы қимылдық біліктерді, жүру мен жүгіру дағдыларын, қимылдарды үйлестіруді, гигиеналық және дене шынықтыру құралдарын қолданудың қарапайым дағдыларын қалыптастыруды, ойындарға қатысуға қалауы мен эмоционалдық жауап беруді, нұсқау бойынша қимылдарды орындауға баулуды қарастырады.

      "Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) дене шынықтыруды (ерекше білім беру қажеттіліктері бар тәрбиеленушілерге арналған бейімделген дене шынықтыру);

      2) қауіпсіз мінез-құлық негіздерін" қамтиды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      10. "Қатынас" білім беру саласы.

       "Қатынас" білім беру саласының мақсаты ауызекі сөйлеуді қалыптастыру, өмірдегі түрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын игеру, оқу мен жазудың алғышарттарын қалыптастыру болып табылады.

      "Қатынас" білім беру саласы тәрбиеленушілердің әр түрлі балалық іс-әрекетінде Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы ауызекі және байланыстырып сөйлеуді, мәнерлеп оқу мен мазмұндауды дамытуды, тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді, белсенді сөздік қорын байытуды, тілдік нормаларды игеруді, мемлекеттік және орыс тілдеріне үйретуді қамтиды.

      "Қатынас" білім беру саласының мазмұны коммуникативтік біліктер мен дағдыларды дамытуға, балалардың түрлі іс-әрекетінде ауызекі сөйлеуді дамытуға, сөздік қорды байытуға, балалар әдебиетіне қызығушылықты дамытуға бағытталған.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту қатысымның вербалді және вербалді емес дағдыларын қалыптастыруды, тілдік ортаны құруды, сөйлеу белсенділігін, қоршаған ортаға қызығушылықты, коммуникативті әрекеттің түрлі формаларына қатысуға қабілеттілікті оятуды қамтиды.

      "Қатынас" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сөйлеуді дамытуды;

      2) көркем әдебиетті;

      3) сауат ашу негіздерін;

      4) қазақ тілін (орыс тілінде оқытатын топтарда), орыс тілін (қазақ тілінде оқытатын топтарда) қамтиды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      11. "Таным" білім беру саласы.

      "Таным" білім беру саласының мақсаты мектеп жасына дейінгі баланың жеке тұлғасын қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл жасауда командада жұмыс істей білуге қажетті танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгеруі үшін дамыту болып табылады.

      "Таным" білім беру саласы санау дағдыларын, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар мен конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстары жөнінде білімдерді кеңейтуді, креативтік ойлауды дамытуды қамтиды.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту көпсенсорлы қабылдау мен кеңістікті бағдарлау дағдыларын қалыптастыруға, сенсорлық ақпараттарды саралауға, сезімдік тәжірибені жинақтауға, заттық қимылдарды игеру және ойлау процестерін белсендіруге, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруға бағытталған.

      "Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сенсориканы (бөбек жасы топтарында – 1-3 жас), математика негіздерін (мектеп жасына дейінгі топтарда – 3-6 жас);

       2) құрастыруды;

      3) жаратылыстануды қамтиды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      12. "Шығармашылық" білім беру саласы.

      "Шығармашылық" білім беру саласының мақсаты шығармашыл тұлғаны, шығармашылық қабілеттерді, сезімдік-эмоционалдық саланы, қиялды, ойлауды, көркем талғамды қалыптастыру, ұлттық бейнелеу өнеріне баулу арқылы патриотизмге тәрбиелеу.

      "Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын, командада жұмыс істей білуді, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды, өнер түрлері туралы қарапайым ұғымдарды, тәрбиеленушілердің дербес шығармашылық іс-әрекетін іске асыруды қамтиды.

      Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту шығармашылық әрекет процесінде шынайы әлемнің бейнелерін қалыптастыруды, заттық ұғымдарды айқындауды, нақтылауды және жалпылауды қамтиды.

      "Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) сурет салуды;

      2) мүсіндеуді;

      3) жапсыруды;

      4) музыканы қамтиды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      13. "Әлеумет" білім беру саласы.

      "Әлеумет" білім беру саласының мақсаты ерте жастағы және мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді қолайлы әлеуметтендіру, оларды мәдени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне баулу, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.

      "Әлеумет" білім беру саласы әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын игеруді; қоғамда өзін-өзі ұстай білудің адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді; баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін, оларға құрметпен қарауды, дербестігін тәрбиелеуді, өзінің отбасына жақындық сезімін, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыруды, қазақ халқының, сондай-ақ басқа халықтардың тарихын, мәдениетін білу мен құрметтеуді, туған жер туралы туралы түсініктерін кеңейтуді, еңбек түрлері мен түрлі мамандық иелеріне қызығушылықты қалыптастыруды қамтиды.

      Ерте жастағы тәрбиеленушілерде отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын қалыптастыру баланың өмірін қорғауға және денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттер мен дағдыларды: мәдени-гигиеналық біліктер мен дағдыларды меңгеруге, тәртіп ережелерін үйретуге, күн тәртібіне дағдыландыруға, когнитивтік функцияларды дамытуға (алдында туындаған қиындықтарды көре білу, көңіл-күйінің, эмоционалдық жағдайының өзгеруін көру), тұлға аралық қатынастарды құрудың негізі болып табылатын этикалық нормаларға тәрбиелеуге, отбасында және мектепке дейінгі ұйымда балалардың бір-біріне мейірімді болуына, көңіл бөлуге, қамқорлық жасау және бір-біріне көмектесу жағдайын құруға, жеке тұлғаның жайлы әлеуметтенуіне, эмоционалдық-адамгершілік қарым-қатынас тәжірибесін жинақтауға, балалар әрекетінің әр түрінде тәрбиелеу дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге, туған өлкеге, еліне деген сүйіспеншілікке, оның тарихына қызығушылыққа тәрбиелеуге бағыталған.

       Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту органикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша өзіне қызмет ету дағдыларын, әлеуметте өзін ұстауы мен оған қарым-қатынасын қалыптастыруға, оларды әлеуметтік және тұрмыстық ортаға тартуға, түрлі әлеуметтік-мәдени дағдыларды игеруге бағытталған.

      "Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:

      1) өзін-өзі тануды;

      2) қоршаған ортамен танысуды қамтиды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 3- тарау. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар

      14. Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар Үлгілік оқу жоспарларында белгіленеді.

      15. Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:

      1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;

       2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;

      3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11 сағат;

      4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12 сағат;

      5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) – ұзақтығы 25-30 минуттан - 17 сағат.";

      Оқыту орыс тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:

      1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;

       2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;

      3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11,5 сағат;

      4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12,5 сағат;

      5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) - ұзақтығы 25-30 минуттан 18 сағат.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 4-тарау. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      16. Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиеленушісі Үлгілік оқу бағдарламасында белгіленген әрбір білім саласындағы жас топтары мен ұйымдастырылған оқу қызметі бойынша меңгеруге тиісті білім, білік, дағдылар көлемін және құзыреттіліктерді меңгеруі тиіс.

      17. Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар тәрбиеленушінің жасына сәйкес оның жетістіктерін мониторингілеу негізінде үлгілік оқу бағдарламасында күтілетін нәтижелер түрінде анықталған:

      1) бірінші деңгей – бала осы немесе басқа білім мен әрекетті жаңғыртады;

      2) екінші деңгей – бала белгілі бір білім қорына ие және өзінің әрекетін түсінеді;

      3) үшінші деңгей – бала өзінің білетіні мен қолынан келетінін қолданады, білім, білік, дағдыларды дербес және шығармашылықпен қолданады.

      18. Мектепке дейінгі ұйымның және орта білім беру ұйымдарының мектепалды сыныбы түлегі келесідей сапаларды меңгеруі тиіс:

      1) дене бітімі дамыған;

      2) білуге құмар;

      3) өзіне сенімді және белсенді;

      4) эмоционалды елгезек;

      5) әлеуметтік дағдыларды және ересектермен, құрдастарымен өзара қарым-қатынас жасаудың, өз бетінше үйренудің дағдылары мен әдістерін меңгерген;

      6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (ел), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;

      7) орта білім беру ұйымында оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген.

      19. Алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

      20. Туғаннан бастап 1 сыныпқа қабылданғанға дейін балалардың біліктері мен дағдыларының тізбесі Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-қосымшасында берілген.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
 

 5 тарау. Оқыту мерзіміне қойылатын талаптар

       21. Алып тасталды – ҚР Білім және ғылым министрінің 05.05.2020 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Жас кезеңдері және жас топтары (балалардың жасы – 1 қыркүйектегі толық жасы) мынадай:

      1) бөбек жасы – 0-3 жас:

      нәрестелік жас – туғаннан бастап;

      ерте жас – 1 жастан бастап (ерте жас тобы);

      кіші жас – 2 жастан бастап (кіші топ);

      2) мектепке дейінгі жас – 3-6 жас:

      орта жас – 3 жастан бастап (ортаңғы топ);

      ересек жас – 4 жастан бастап (ересек топ);

      мектепалды жас – 5 жастан бастап (мектепалды тобы, мектепалды сыныбы).

      Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – 5 жыл.

Жаңартылған күні: 13.08.2020 18:06
Құрылған күні: 17.11.2021 09:40

Текст