Инфекциялық аурулардың алдын алу
Балалар ауырған кезде ата-аналар көбінесе емді аяғына
дейін жүргізбейді, ал дәрі-дәрмекті аурудың барлық белгілері кеткенше
жалғастыру керек. Егер толық емделмеген бала балабақшаға уақытынан бұрын келсе,
әлсіз ағза жаңа микробтарды бірден қабылдайды да, ауру қайта оралады.
Ауырып жазылғаннан кейін балада қорғаныш иммунитеті
қалыптасады, ол баланы әрі қарай ауру жұқтырудан сақтайды.
Тұмаудың 200-ден астам түрі бар деп есептеледі. Әрбір
бастан кешірген ауру вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастырады әрі аурудың
қайталану мүмкіндігі жоқ деуге болады. Оның үстіне көптеген инфекциялық аурулар
бала кезде жеңіл өтеді және қатты асқыну болмайды. Қызылша, желшешек, қызамық,
шешекпен бала барынша жеңіл түрде ауырады, ал олар ересек адамның өміріне қауіп
төндіруі мүмкін. Егер бала балабақшада вирустық ауруға шалдықпаса, онымен
мектепте ауыруы мүмкін.
Ұжымда балалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы
кезінде ауру жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан барлық санитариялық-гигиеналық
ережелердің орындалуын қатаң бақылау керек.
Балаларды таңертең дұрыс тәртіппен қабылдау маңызды.
Қабылдау бөлмесінде адамның көп жиналуына және балалар мен ата-аналардың ұзақ
болуына жол берілмейді.
Егер қабылдау кезінде сырқаттанған бөбектер болса,
олардың сау балалармен араласуын болдырмаған жөн. Олар шешінетін бөлмеде ұзақ
қалмауға тиіс, тез және жеткілікті түрде мұқият қарау керек.
Баланың ауырып тұрғаны анықталғанда эпидемияға қарсы
шаралар кешенін жүргізу керек:
· түпкілікті диагнозды күтпей-ақ ауру баланы топтан
бөлу;
· ішек ауруы анықталғанда, топқа 7 күн мерзімге карантин
жариялау;
· ойыншықтарды, ыдыс-аяқты, еденді, дәретке отыратын
ыдысты және т. б. мұқият тазалау және дезинфекциялау.
Карантин кезінде әкімшілік санитариялық-эпидемияға
қарсы режимнің орындалуын бақылауды күшейтуге, балаларды күтіп-бағу мен
персоналдың жеке гигиена ережелерін сақтауына үлкен көңіл бөлінуі қажет.
Дезинфекциялау бойынша қосымша іс-шаралар қабылдаған жөн: ыдыстарды,
ойыншықтарды, жинау мүкәммалын, еденді залалсыздандыру, киім-кешекті кір жуатын
бөлмеге апарғанға дейін, жуатын суды залалсыздандыру.
Топтағы балалар мен олармен байланыстағы персоналға
медициналық бақылау жүргізіледі:
· температураны екі мәрте өлшейді – таңертең және
күннің соңында;
· балалардың дәретін тексеру.
Карантин мерзімі аяқталғанша жаңадан балаларды
қабылдау, бүлдіршіндер мен персоналды бір топтан екіншісіне ауыстыру тек қана
эпидемиологтың рұқсатымен жүргізіледі.
Ішек ауруы туындаған жағдайда топтағы балалар мен
персоналды бір рет тексеру қажет. Келмей қалған балалар, ауру баламен
қарым-қатынас жасаған қызметкерлер тұрғылықты жері бойынша қадағаланады.
Аурудың өршуі кезінде балабақшаны құрамында
дәрігер-эпидемиолог, педиатр-инфекционист бар бригада ауру тіркелген күні
тексеруге тиіс.
Бірнеше топта ауру бір мезгілде байқалса, байланыстағы
барлық балалар, персонал, ас әзірлейтін блок жұмыскерлері және басқа да қызмет
көрсететін персонал тексеріледі. Тексеру дүркінділігін эпидемиолог анықтайды.
Ауырып қалған баланы медицина қызметкері қарайды және
қажет жағдайда ата-анасын шақырады. Баланы учаскелік дәрігердің бақылауына
үйіне немесе егер міндетті түрде ауруханаға жатуды талап ететін жіті
инфекциялық ауру анық байқалып тұрса, ауруханаға жібереді.
Ересектер келгенше баланы топ жанындағы жеке бөлмеге
оқшаулайды. Жеке бөлме жоқ болса, топ бөлмесінде жылжымалы шыныдан жасалған
қалқамен қоршайды немесе жарығы жақсы бұрышты жаймамен бөледі.
Егер бала отырған үй-жайдың қабырғаларын
дезинфекциялау мүмкін болмаса (егер, мысалы, олар желімнен жасалған бояумен
жабылса), аурудың төсек-орны тұрған жердегі қабырғаға жайманы немесе қағазды
бекітеді. Баланы әкеткеннен кейін жайманы қайнатады, қағазды өртейді.
Оқшауландырылған бөлмеге ауруды қарайтын тұлғалар ғана
кіреді. Күтіп-бағу заттарын оларды алдын ала залаласыздандырмай шығаруға
болмайды. Ыдыс-аяқты оқшауландыру орнында жуу қажет. Киім-кешекті жинап, жабық
ыдыста сақтайды. Жуар алдында дезинфекция жасайды.
Ауру баланы топтан бөліп алып кеткеннен кейін де
онымен қарым-қатынаста болған балалар ауру жұқтыруы мүмкін, бірақ инкубациялық
(жасырын) кезеңде болады. Бұдан бөлек, үй-жай ішінде, жиһазда, құрал-жабдықта
микробтар, инфекция қоздырғыштары қалуы мүмкін. Демек, инфекцияның әрі қарай
таралуының алдын алу үшін топта ғана емес, одан тысқары жерлерде де шаралар
қабылдау керек. Ол үшін инфекция сипатына сәйкес балаларды бақылау қажет:
· температурасын өлшеу;
· терісін, жұтқыншағын, дәретке отыруын тексеру;
· профилактикалық (ескерту) дезинфекция жүргізу.
Карантин кезінде топ толығымен басқалармен үй-жайда
да, учаскеде де бөлек болуға тиіс. Егер топта осы аурумен ауырған жаңа жағдай
тіркелсе, карантиннің қосымша мерзімі белгіленеді, есептеу соңғы аурудың
күнінен басталады.
Егер көршілес топтар бір сатылық алаңда орналасса,
олардың біреуінде ауру табылмаса да, бірден екі топта карантин белгілеу қажет.
Карантиндік топтың қызмет көрсету персоналына басқа
топтың қызметкерлерімен сөйлесуге тыйым салынады. Киім-кешек, азық алу сыртқы
кіретін жер, терезе, есік арқылы немесе басқа қызметкерлермен кездесу
өткізілмейтін сағатта жүргізіледі. Үй-жайды басқалардан оқшауланған топпен
біріктіретін ішкі есіктер карантин кезіеде жабылады және қағазбен желімделеді.
Дәрігер, медбике, меңгеруші карантиндік топқа келгенде өзінің әдеттегі
халатының үстінен арнайы халат киюге тиіс, олар карантиндік топқа кіреберісте
ілініп тұруға тиіс. Топтан шығар кезде халатты шешеді, бұрынғы орнына іледі
және қолдарын әбден жуады.
Өте кішкентай бөбектер тобында әсіресе ішек
инфекциясының жаялық арқылы таралу қаупі жоғары. Алдын алу мақсатында,
сондай-ақ ішек ауруы туындағанда кір киім-кешекті жинау, сақтау және жуу
белгіленген ережелер бойынша жүргізілуге тиіс.
Балаларды күнделікті таңғы қабылдау ережелері
Қабылдау бөлмесінде медбике балалардың ауыз шырышты
қабығын, жұтқыншағын және терісін тексереді.
Сәбилердің температурасын өлшейді. Сау балаларды
тексергеннен кейін топқа жібереді.
Ауру немесе сырқаттанып тұрған баланы сау балалар
ұжымына жібермеген абзал. Таңғы қабылдауды аурудың алғашқы белгілерін тани
алатын білікті жұмыскер жүргізгені жөн. Мүмкіндігінше балабақшада қабылдау
кезінде дәрігер немесе медбике болуы керек.
Ауруы анықталған балалар немесе сырқат күдігі бар
балалар қабылданбайды; күн барысында ауырған балалар ата-аналары келгенше
немесе емдеу-профилактикалық ұйымға жатқызылғанша сау балалардан
оқшауландырылады.
Педикулездің бар-жоғын тексеру ережелері
Аптасына бір рет медициналық қызметкерлер балаларда
педикулездің бар-жоғын тексереді. Нәтижесін арнайы журналға енгізеді.
Педикулезге шалдыққан балалар анықталған жағдайда
оларды үйіне (санацияға) жібереді.
Санациядан кейін балаларды қабылдауға педикулездің жоқ
екені туралы медициналық анықтамасы бар болғанда жол беріледі.